Бауырдың майлы гепатозы немесе майлы инфильтрациясы деп бауыр жасушаларында (гепатоциттер) май артық мөлшерде жиналатын жағдай аталады1.
Бұл бауырдың алкогольдік емес май басу ауруының бастапқы, қайтымды кезеңі, ол дамыған кезде стеатогепатитке, содан кейін бауырдың айқын бұзылуымен фиброзға айналуы мүмкін2. Уақытылы диагноз қою және тиісті емдеу арқылы ағза мен оның функцияларын толығымен қалпына келтіруге болады.
Майлы гепатоз себептері
Майлы гепатоз, не стеатоз – әлемдегі ең жиі кездесетін бауыр ауруының бірі. Дамыған елдерде оның таралуы 30%-ға жетеді3.
Гепатоз дамуына көмектесетін негізгі факторлар3:
- май басу және артық салмақ,
- қант диабеті және инсулинге төзімділік, яғни инсулин рецепторлары сезімталдығының төмендеуіне байланысты жасушаларды глюкозаны сіңіруінің нашарлауы,
- май алмасудың бұзылуы - дислипидемия.
Сондай-ақ, басқа қауіпті топтардағы пациенттер, соның ішінде:
- бауырға уытты әсер ететін дәрілік препараттарды, мысалы, гормоналды препараттар, антибиотиктер, психотропты препараттар және басқаларды ұзақ уақыт қабылдаған,
- зиянды жағдайларда жұмыс істейтін,
- ас қорыту жүйесінің созылмалы ауруларынан, оның ішінде вирустық гепатиттерден зардап шегетін,
- қатаң диетаны ұстанатын немесе гепатоциттердің жұмысына теріс әсер ететін қанға көп мөлшерде май түсуі мүмкін болатын адамдар,
сондай-ақ жүктілер бауырдың жағдайына ерекше назар аударуы керек.
Май гепатозын диагностикалау әдістері
Стеатоз жағдайында бауыр жасушалары біртіндеп қарапайым майларды (липидтерді) жинайды және уақыт өте келе май тініне айналып, өз функцияларын жоғалтады.
Май құрамы 5% артық болғанда май инфильтрациясын диагностикалауға болады, дегенмен оның шоғыры бірікпеген. Липидтердің мөлшері 10% жеткенде, гепатоциттердің жартысы зақымданады2.
Майлы гепатоз әдетте қандай да бір айрықша белгілерсіз жүреді, сондықтан оны көбіне басқа ауруларға қатысты тексеру кезінде кездейсоқ анықтауға болады. Сондай-ақ, дәрігер тексеру кезінде бауырдың ұлғаюын анықтаса, тексеруді тағайындай алады.
Диагноздың ең қауіпсіз, қолжетімді және ақпараттық әдісі – бауырды ультрадыбыстық зерттеу. Майлы инфильтрацияның белгілеріне жоғары эхогенділік (УДЗ-де бұл «ақ бауыр» деп аталатын неғұрлым ашық аймақтар түрінде көрінеді), тіндердің біркелкі емес тығыздалуы, тамырлы кескіннің өзгеруі жатқызылады.
Компьютерлік томография сондай-ақ бауырдағы май жиналуы болуын анықтауға көмектеседі2. Май рентген сәулесін әлсізірек жұтады, сондықтан да мұндай аймақтардың рентген тығыздығы төмен болады.
Магниттік-резонанстық топография кезінде май тіні қалыпты бауырмен салыстырғанда біршама ашық болып көрінеді.
Гепатозды диагностикалаудың «алтын стандарты» бауыр биопсиясы болып саналады. Мұндай микроскопиялық зерттеу үшін инені пайдаланып бауыр тінінің үлгісін алу керек. Алайда бұл әдіс сирек қолданылады, өйткені оны орындау пациент үшін белгілі бір техникалық қиындықтар мен қауіптер тудырады4.
Майлы гепатозды емдеу
Бауыр жасушаларында майдың мөлшерін азайту және оның қалыпты жұмысын қалпына келтіру үшін гепатозды емдеу мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді4:
- Өмір салтын өзгерту. Тұрақты дене белсенділігімен бірге аз калориялы диета көмегімен салмақты бақылау арқылы жағдайды жақсартуға болады. Зерттеу нәтижелері тіпті калорияның орташа төмендеуі бауыр функциясы биохимиялық көрсеткіштерінің қалыпқа келуімен және бауыр жасушаларының май инфильтрациясының төмендеуімен бірге жүретінін көрсетті4.
Сонымен қатар қатаң диеталар мен салмақ жоғалту ұсынылмайды, өйткені олар қандағы липидтер деңгейінің едәуір жоғарылауына және гепатоциттерге шамадан тыс жүктеме түсуіне әкелуі мүмкін.
6-12 ай ішінде салмақтың оңтайлы төмендеуі 7-10% құрайды4. Дене жүктемелері – аптасына 3-4 рет. Әдеттегі жүрістен бастауға болады, содан кейін жүзу, теннис, командалық спорт түрлерін қосасыз.
MAT-KZ-2000188_V1.0_09_2020